Park live (21.08 - 23.08)
Jack White • Gorillaz • the Offspring • Cee Lo Green • Bloodywood • the Kills • Glassjaw • De La Soul
концерт туралы
Билеттер қайтарылмайды. Қосымша ақпарат алу үшін сілтемені орындаңыз. Park Live Almaty фестивалі 2026 жылдың 21-23 тамыз аралығында өтеді. Осы күндері Алматы қаласы үшінші рет Орталық Азияның музыкалық астанасына айналмақ. Биылғы фестивальдің хедлайнерлері Jack White, Gorillaz бен The Offspring. Фестиваль командасы биыл да бағдарламаны әр әртістің бірегейлігі мен мәдени салмағына қарай құрмақ. Фестивальде халықаралық сахна жұлдыздары мен қазақстандық таланттар өнер көрсетіп, қонақтар үш күн бойы әлемдік деңгейдегі лайв музыка мерекесін тойлайды. Ұйымдастырушылардың мақсаты Алматыны өңірдің фестиваль мәдениетіндегі жетекші қалаға айналдыру және Қазақстанға «үлкен музыканы» көбірек тарту. Былтыр Park Live Almaty-ға 40 мыңнан астам көрермен келген! Jack White өз дәуірінің бірегей өнерпазы. Оның шығармашылығы тұтастай үйреншікті түсініктерге қарсылық іспетті: ол дыбысқа эксперимент жасайтын батыл әртіс, классикалық ән жазудың нақ шебері және өз лейблі Third Man Records-ті алға сүйреп жүрген тұлға. Оның жылдар бойы бір мысқал кемімеген батылдығы The White Stripes, The Dead Weather, The Raconteurs жобаларынан бастап, ауқымды жеке альбомдарына дейін барлық туындысынан аңғарылатын. Бүгінде Джек Уайттың есімі музыка арқылы ықпал ету және шығармашылық еркіндік ұғымдарымен синоним деуге болады. Кейінгі жылдары оның бұл мәртебесі нығая түсті. Былтыр музыкант кенеттен аты жоқ альбом шығарып, оны алдымен тек винил арқылы таратты. Онлайн нұсқасы кейін пайда болды. Ал биыл қарашада The White Stripes-тың аты Рок-н-ролдың даңқ залына жазылып, ұзамай Джек Уайт өзі туған Детройттағы NFL матчында Эминеммен бірге сахнаға шықты. Бұл сәт әлем медиаcында кеңінен тарап, тарихи оқиғаға айналды. The Kills дуэті өзін әлемге әйгілеген мінезі бар минималистік пост-панк стилінен айныған емес. Өткір гитаралық риффтер, нық әрі ширақ вокал, драм-машинаның ырғақты үні үйлесіп, топтың бірегей саундына айналды. Америкалық вокалист Элисон Моссхарт пен британдық гитарист Джейми Хинс тыңдарманның көңіл-күйін тербеп, жүрегін жаулап алуды әдетке айналдырған. Олардың әуені алғашқы секундтардан-ақ еріксіз баурап алады. Тек бір ескерту: The Kills-ті бір тыңдасаңыз, ұзақ уақыт топ музыкасының арбауынан шыға алмай қалуыңыз мүмкін. Gorillaz жай топ емес, тұтас ғалам. Бұл ұжымның артында музыкант Дэймон Албарн мен суретші Джейми Хьюлетт тұр. Ал жобаның өзі төрт анимациялық кейіпкерді және жанрлардың айрықша қоспасын біріктіреді альтернативті рок пен хип-хоптан бастап электрондық музыкаға дейін. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Gorillaz әлемге әйгілі мәдени феноменге айналып, көптеген беделді марапатқа ие болды. Жақында ғана топтың «The Mountain» атты тоғызыншы студиялық альбомы жарық көрді. Су жаңа туындылар мен аңызға айналған хиттерді осы жазда бірге тыңдай аласыздар 22 тамызда Park Live Almaty сахнасында жолығайық! CeeLo Green «Грэмми» сыйлығының бес дүркін лауреаты, әнші, ән авторы әрі продюсер, тележұлдыз, актер, кәсіпкер, сондай-ақ поп-мәдениет пен сән әлемінің иконасы. CeeLo Green музыка сахнасына «Goodie Mob» хип-хоп тобының құрамында қадам басқан. Олар 1995 жылы «Soul Food» атты алғашқы альбомын жарыққа шығарып, бұл туынды ұжымды жаңадан қалыптасып келе жатқан «оңтүстік рэп» бағытының көшбасшыларының біріне айналдырды. «Goodie Mob» тобындағы табысты жолынан кейін, CeeLo Green диджей әрі продюсер Danger Mouse-пен бірлесіп, «Gnarls Barkley» дуэтін құрды. 2006 жылы олар әлемнің түрлі чарттарында көш бастаған «Crazy» хит әнін шығарды. «Gnarls Barkley» жобасынан кейін Грин 2010 жылы «The Lady Killer» альбомымен CeeLo Green есімімен жеке шығармашылығына қайта оралды, бұл альбомға оның әйгілі «Forget You» синглі енген болатын. Нью-Йорктен шыққан De La Soul хип-хоп тобы аңызға айналған Feel Good Inc. трегіне қатысып, 2006 жылы Grammy Award жүлдесін алып, аты шыққан. Олар мансабының басынан-ақ 1980 жылдардың аяғындағы көп рэп орындаушыдан ерекшеленді: олардың музыкасында сол кездегі танымал қатал гангста-рэптің орнына ерекше сэмплинг, сөз ойыны, джаз, фанк, поп пен психоделия үйлесім тапты. Тыңдарман мен бүкіл хип-хоп мәдениеті үшін De La Soul тарихы шабыт беретін хикаядай: өзіне адалдық, жаңашылдыққа ашықтық және өз тамырына деген құрмет оларға жылдар бойы ықпалын сақтап қалуға көмектесіп келеді. Олардың 2025 жылы жарық көрген Cabin in the Sky атты жаңа альбомы өткенге құрмет көрсетудің әрі мұраға сүйеніп, болашаққа көз тіккен жаңа тараудың бастауы болды. Калифорниядан шыққан әйгілі америкалық The Offspring рок тобы жексенбі күні, 23 тамызда өнер көрсетеді. The Offspring тобы 1994 жылы-ақ 4 миллионнан астам данамен таралған «Smash» альбомы арқылы АҚШ чарттарының үздік ондығына нық қадам басты. Содан бері бұл ұжым әлемдегі ең табысты панк-рок топтардың бірі ретінде танылып келеді. Green Day және Rancid сияқты калифорниялық топтармен қатар, The Offspring 1990 жылдары панк-рок жанрының қайта түлеуіне зор үлес қосты. Бүгінде олардың сатылған альбомдарының жалпы саны 40 миллионнан асады. Бұл рок музыка тарихындағы ең табысты топтарға тән көрсеткіш. Park Live Almaty 2025 фестивалінің жарық жұлдыздары Нью-Делиден шыққан үнді метал-тобы Bloodywood Алматыға қайта оралады! Олар бұл жолы The Offspring алдында сахнаға шығып, көрерменді тағы да тәнті етпек. Bloodywood жанр туралы түсінікті түбегейлі өзгерткен ұжым. Жұмысын YouTube-те кавер айтудан бастаған ұжым бүгінде әлемдік деңгейдегі ірі фестивальдерде өнер көрсетіп жүр. Олардың музыкасы фолк, ню-метал мен рэпкордың қуатты үйлесімі, ал мәтіндері хинди, ағылшын және пенджаби тілдерінде жазылады. 2025 жылы топ Nu Delhi атты екінші студиялық альбомын таныстырған. Glassjaw - Топтың негізін 1993 жылы Лонг-Айлендте вокалист Дэрил Палумбо мен гитарист Джастин Бек қалады. Алғашқы әндерінен-ақ олардың музыкасы қатал хардкор агрессиясымен және эмоционал шырқаумен ерекшеленді. Кейіннен бұл стиль эмо-пост-хардкор жанрының негізгі сипаттарының біріне айналды. Glassjaw мейнстримнен саналы түрде алшақ жүрді: коммерциялық стратегияның орнына олар дыбыспен эксперимент жасағанды және сирек релиздер шығарғанды жөн көрді. Топ осы уақытқа дейін небәрі үш толық форматты альбом шығарса да, бұл олардың альтернатив және пост-хардкор сахнасының дамуына елеулі ықпал етуіне кедергі болған жоқ. Glassjaw өз жанрындағы негізгі топтың бірі саналады: олардың ән жазу стилі, динамикасы мен эмоционал мәнері 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басындағы пост-хардкор дыбысын қалыптастырды.
